Теннис: Кукушкин София турнирінің ширек финалына шыға алмады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Болгарияның София қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирдің екінші айналымында қазақстандық Михаил Кукушкин франциялық Гаэль Монфиспен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші әлемдік рейтингте 55-орында тұрса, осы турнирдің 7-ракеткасы болып тіркелген қарсыласы 33-сатыда орналасқан.

Тартысты өткен бірінші партияда Монфис 7:5 есебімен шеберлігін таныта білді.

Екінші сетте есеп 2:1 болған мезетте Кукушкин өзі доп бергенде, мүмкіндігін пайдалана алмады. Бұдан кейін тағы бір брейк жасаған Монфис есепті 5:2-ге жеткізді. Ақыры ол 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша М.Кукушкин жүлде қоры 586 мыңнан астам АҚШ долларына бағаланған София турнирінің ширек финалына шыға алмады.

Бәсеке 1 сағат 18 минутқа созылды.

Г.Монфис жартылай финалға шығу үшін осы турнирдің 2-ракеткасы болып тіркелген грекиялық, рейтингте 12-сатыдағы Стефанос Циципас немесе 51-орында тұрған германиялық Ян-Леннард Штруфтың біреуімен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің София турнирін сәтті бастағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, айта кетейік, осы күндері Астанадағы Ұлттық теннис орталығында Федерация кубогы жолындағы іріктеу сайыстары өтуде. Алғашқы күні қазақстандықтар «А» тобында Таиланд құрамасын 3:0 есебімен тізе бүктірген болатын.

7 ақпан күні «А» тобында Үндістан таиландтықтарды 2:1 есебімен ұтты. «В» тобында Қытай қыздары Оңтүстік Кореяны, Индонезия Океанияны 3:0 есебімен жеңді.

8 ақпанда Қазақстан - Үндістан, Қытай - Индонезия, Корея - Океания командалары кездеседі. Содан кейін «А» және «В» тобында жеңімпаз атанғандар 9 ақпан күні финалда екінші Әлемдік топтың плей-офф кезеңіне берілетін жолдаманы сарапқа салады.

Соңғы жаңалықтар