Теннис: Кукушкин София турнирін сәтті бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Болгария астанасы Софияда өтіп жатқан халықаралық турнирдің алғашқы айналымында қазақстандық Михаил Кукушкин сербиялық Ласло Дьеремен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші әлемдік рейтингте 55-орында тұрса, қарсыласы 88-сатыда келеді.

Матч аса тартысты өрбіп, бірінші партия тай-брейкке дейін жетті. Онда М.Кукушкин 8:6 есебімен жеңіске жетті.

Екінші партияда есеп 2:2 болып тұрған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасай білді. Тағы бір брейкке қол жеткізіп, есеп 5:2 болып, Михаил матчқа доп бергенімен, қарсыласы да қарап қалмады. Қайыра брейк жасап, өз геймін жібермеген Ласло есепті қысқартты - 4:5. Дегенмен бұдан кейін өзі доп бергенде, Кукушкин осалдық танытқан жоқ - 6:4.

Бәсеке 1 сағат 44 минутқа созылды.

М.Кукушкин екінші айналымда осы турнирдің 7-ракеткасы болып тіркелген франциялық белгілі теннисші, әлемдік рейтингте 33-сатыда тұрған Гаэль Монфиспен кортқа шығады. Олар ширек финал жолдамасын сарапқа салады. Кей сәттерде әртістік қимылдарымен көрермендер көңілін өзіне аудара білетін Монфиспен бұл кездесудің қызықты өтері анық.

Жүлде қоры 586 мыңнан астам АҚШ долларына бағаланған София турнирі 10 ақпанда мәреге жетіп, жеңімпаз анықталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің София турниріндегі қарсыласы анықталғанын, ал бүгін Астанадағы Қазақстан - Таиланд матчында әуелі Зарина Диястың қарсыласын тізе бүктіріп, сосын Юлия Путинцеваның есепті еселегенін, қазақстандықтардың жұптық сында да жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар