Теннис: Кукушкин Санкт-Петербургте ұтылып қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Михаил Кукушкин Санкт-Петербург ATP 500 турнирінде ұтылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 88-орында тұрған М.Кукушкин алғашқы айналымда әлемнің 41-ракеткасы, сербиялық Миомир Кецмановичпен кездесті.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші брейкпен бастағанымен, ойын тізгінін қарсыласына беріп қойды - 1:4. Осы басымдылықтан сербиялық спортшы айырылған жоқ - 6:3.

Екінші сетте есеп 5:5 болған мезетте Кецманович брейк жасап кетті. Содан кейін үш матчболын пайдалана алған жоқ. Дегенмен ол тай-брейкте дегеніне жетті 7:6 (9:7).

Бәсеке 1 сағат 35 минутқа созылды.

М.Кецманович екінші айналымда ұлыбританиялық Кэмерон Норримен кортқа шығады.

М.Кукушкин бұдан 10 жыл бұрын осы жарыстың жеңімпазы атанған болатын. Бұл - оның ATP турнирлеріндегі бір ғана жеңісі.

Сондай-ақ осы күндері Италияның Кальяри қаласында Сардиния ATP жарысы өтуде. Мұнда қазақстандықтар Андрей Голубев пен Александр Недовесов жұптық сында алғашқы матчында-ақ ұтылып қалды. Олар ұлыбританияның Джонни О'Мара мен сальвадорлық Марсело Аревалоға 6:4, 5:7, 4:10 есебімен жол берді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің Санкт-Петербург турнирін сәтті бастағанын жазған болатынбыз.

Ол ширек финалға шығу үшін канадалық Милош Раоничпен күш сынасады.

А.Бублик жұптық сында да америкалық Рейлли Опелкамен бірге бастапқы сыннан сүрінбей өтті. Енді олар ширек финалда ресейліктер Карен Хачанов және Андрей Рублевпен шеберлік байқасады.


Соңғы жаңалықтар