Теннис: Кукушкин Санкт-Петербор турнирінің ширек финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Михаил Кукушкин Санкт-Петербор ATP турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы жарыстың алтыншы, әлемнің 57-ракеткасы М.Кукушкин екінші айналымда рейтингте 86-орында тұрған босниялық Дамир Джумхурмен шеберлік байқасты. Қарсыластар осыған дейін төрт мәрте кездессе, соның үшеуінде босниялық теннисші жеңіске жеткен екен.

Бұл жолы бірінші партияда қазақстандық спортшы тай-брейкте басым түсті – 7:6 (7:2).

Екінші партияда М.Кукушкин матч тағдырын шеше білді – 6:2. Ойын барысында ол үш мәрте, қарсыласы бір рет қана брейк жасай алды.

Бәсеке 1 сағат 42 минутқа созылды.

М.Кукушкин ширек финалда осы доданың екінші, әлемнің 9-ракеткасы, ресейлік Карен Хачанов немесе рейтингте 64-сатыдағы португалиялық Жоау Соузаның біреуімен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің Санкт-Петербор жарысын сәтті бастағанын, Зарина Диястың Осака турнирінің ширек финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар