Теннис: Кукушкин Санкт-Петербор турнирін сәтті бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 57-ракеткасы Михаил Кукушкин Санкт-Петербор ATP турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Турнирдің 6-ракеткасы болып тіркелген М.Кукушкин алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 127-орында тұрған италиялық 18 жасар Янник Синнермен кездесті.

Жастығына қарамастан, Я.Синнер осы кезге дейін-ақ қос бірдей челленджер турнирін ұтып үлгерген талантты теннисші еді.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші бастап доп бергенде, қарсыласы үш бірдей брейк-пойнтты пайдалана алмады. Ал есеп 2:1 болған мезетте М.Кукушкин брейк жасай білді – 3:1. Сет біткенше, осы басымдылығынан айырылған жоқ – 6:4.

Екінші партияда әуелі М.Кукушкин брейк жасағанымен, Я.Синнер лезде қарымта қайтара алды – 2:2. Сосын қазақстандық теннисші тағы бір брейкпен алға шықты – 4:3. Италиялық та қалыспады – 4:4. Содан кейін ол сет-пойнтты мүлт жіберді. Ақыры матч тағдыры тай-брейкте шешілді. Онда М.Кукушкин есесін жібермеді – 7:6 (7:4).

Бәсеке 1 сағат 40 минутқа созылды.

Ойыннан кейінгі сұхбатында М.Кукушкин екінші партияның қиындау болғанын, Я.Синнердің болашақта рейтинг көшін бастайтындай мүмкіндігі бар жас теннисші екендігін, алдағы қарсыластарын да жеңу оңайға түспейтінін жеткізді.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда негізгі додаға іріктеу сайыстарынан кейін қосылған әлемнің 86-ракеткасы, босниялық Дамир Джумхур немесе рейтингте 250-орындағы сербиялық Янко Типсаревичтің біреуімен шеберлік байқасады.

М.Кукушкиннің спорттық жолындағы ең басты табысы осы Санкт-Петербормен байланысты. Ол бұдан тоғыз жыл бұрын финалда ресейлік Михаил Южныйды ұтып, чемпион атанған болатын. Бұл – қазақстандық теннисшінің ATP турнирлеріндегі бірінші әрі әзірге жалғыз жеңісі.

Тағы бір қазақстандық, рейтингте 70-орында тұрған Александр Бублик жүлде қоры 1,2 млн АҚШ долларынан асатын осы жарыста бастапқы кездесуін әлемнің 60-ыншы, турнирдің 8-ракеткасы, норвегиялық Каспер Рудпен өткізеді.

Оған қоса М.Кукушкин мен А.Бублик жұптық сында да өнер көрсетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Наньчан турнирінің финалында жеңіліп қалғанын, ал Зарина Диястың Осака жарысын жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар