Теннис: Кукушкин Роттердам турнирінің ширек финалына шыға алмады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин Роттердам (Нидерланды) турнирінің екінші айналымында босниялық Дамир Джумхурмен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

М.Кукушкин дүниежүзілік рейтингте 53-орында тұрса, қарсыласы одан үш саты төмен еді. Теннисшілердің бабы мен бағы келіссе, рейтингке қарамайтыны анық. Мысалы, осының алдында Д.Джумхур бірінші айналымда әлемнің 12-ракеткасы, грекиялық Стефанос Циципасты тізе бүктірген болатын.

Қазақстандық теннисшімен бәсекені де сәтті бастаған босниялық спортшы бірінші партияны өз пайдасына шешті - 6:4. Тартысты өткен екінші партия 6:6 есебімен тай-брейкке ұласты. Мұнда бірден минибрейк жасаған Д.Джумхур ақыры күш бермеді - 7:3.

Матч 1 сағат 42 минутқа созылды. Дамир Джумхур ширек финалда әлемнің 33-ракеткасы, франциялық Гаэль Монфиспен шеберлік байқасады.

Бір қызығы, М.Кукушкин бұдан бұрын София турнирінің екінші айналымында дәл осы Г.Монфиспен жолы тоқайласып, жеңіліп қалып, ширек финалға шыға алмаған болатын.

Еске сала кетейік, осыған дейін М.Кукушкиннің Роттердам турнирінде босниялық теннисшімен кездесетінін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар