Теннис: Кукушкин Роттердам турнирінің алғашқы айналымынан аса алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Михаил Кукушкин Роттердам (Нидерланды) ATP турнирінің алғашқы айналымынан аса алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 67-орында тұрған М.Кукушкин бірінші айналымда әлемнің 57-ракеткасы, франциялық Жиль Симонмен кездесті.

Қазақстандық спортшы негізгі додаға іріктеу сайыстарынан кейін қосылған болатын.

Тартысты өрбіген бірінші партия тай-брейкке дейін жетіп, онда Ж.Симонның жолы болды – 7:6 (7:3).

Екінші сетте брейк жасаған қазақстандық теннисші 3:0 есебімен алға кетті. Тағы бір брейк – 5:1. Бұдан кейін франциялық теннисші қайыра брейк жасап, есепті қысқартқанымен, М.Кукушкин екінші сетпойнтын пайдалана алды – 6:3.

Үшінші, шешуші партияны қазақстандық спортшы брейкпен бастағанымен, қарсыласы сол бойда қарымта қайырды – 1:1. Есеп 3:2 болғанда, Симон тағы бір брейк жасап кетті. Ақыры ол осы басымдылығынан айырылған жоқ – 6:3.

Тартысты бәсеке 2 сағат 42 минутқа созылды.

Ж.Симон жүлде қоры 2,1 млн еуродан асатын жарыстың ширек финалына шығу үшін әлемнің 9-ракеткасы, франциялық Гаэль Монфис немесе рейтингте 68-сатыдағы португалиялық Жоау Соузамен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Роттердам турнирінің екінші айналымына шығып, Юлия Путинцеваның Санкт-Петербургте жеңіліп қалғанын, Федерация кубогында қазақстандық қыздардың Аргентинамен ойнайтынын жазған болатынбыз.

А.Бублик ширек финалға шығу үшін әлемнің 15-ракеткасы, ресейлік Андрей Рублевпен шеберлік байқасады.



Соңғы жаңалықтар