Теннис: Кукушкин Роттердам турнирінде босниялық теннисшімен кездеседі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 53-ракеткасы Михаил Кукушкин Роттердам (Нидерланды) турниріндегі келесі қарсыласы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші ширек финалға шығу үшін әлемдік рейтингте 56-орында тұрған босниялық Дамир Джумхурмен күш сынасады.
Бүгін аталмыш жарыстың бірінші айналымында Д.Джумхур осы турнирдің 3-ракеткасы болып тіркелген, рейтингте 12-орындағы грекиялық Стефанос Циципаспен тартысты кездесу өткізді.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған бәсекеде тәжірибесі мол Д.Джумхур соңғы кезде жақсы ойынымен көрініп жүрген 20 жасар қарсыласын 6:4, 1:6, 7:5 есебімен ұтты.

Тағы бір тосын нәтиже, осы турнирдің екінші, әлемнің 11-ракеткасы, ресейлік Карен Хачанов әлемдік рейтингте 211-орында тұрған голландиялық Таллон Грикспурден жеңіліп қалды.
Жүлде қоры 2 млн АҚШ долларынан асатын Роттердем турнирі 17 ақпанда мәреге жетіп, жеңімпаз анықталады.
Тағы бір қазақстандық теннисші, рейтингте 321-сатыдағы Денис Евсеев Бангкок (Таиланд) қаласында өтіп жатқан челленджер турнирінің екінші айналымында 205-орындағы германиялық Тобиас Камкеге есе жіберді.

Бүгінгі күн сондай-ақ дүйсенбі күні рейтингте бірден 28 сатыға, 144-орынға көтерілген Александр Бублик үшін де сәтсіз болды. Ол Францияның Шербур қаласында өтіп жатқан челленджер жарысында рейтингте 226-сатыдағы чехиялық Зденек Колардан ұтылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің Роттердам турнирінің екінші айналымына шыққан еді. Сондай-ақ, 21 жасар Александр Бублик Будапешт турнирінің жеңімпазы атанып, рейтингте бірден 28 сатыға көтерілген болатын.


Соңғы жаңалықтар