Теннис: Кукушкин Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Михаил Кукушкин Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 88-орында тұрған М.Кукушкин алғашқы айналымда осы «Үлкен дулыға» жарысының 14-ракеткасы болып тіркелген италиялық Фабио Фоньинимен кездесті.

Бұлардың екеуі де 1987 жылғы, тәжірибелі ойыншылар еді.

Матчты сәтті бастаған қазақстандық теннисші бірінші партияда 3:1 есебімен алға шықты. Қарсыласы таразы басын теңестіргенімен, М.Кукушкин тағы бір брейк жасады – 6:5. Сосын сетке доп бергенде, мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 7:5.

Екінші сетте италиялық спортшы брейк жасап, 4:2 есебімен алға кеткенімен, Кукушкин іле-шала қарымта қайырып үлгерді. Бірақ Фоньини тағы бір брейкпен бірге өз геймін де ала білді – 6:3.

Үшінші партияда да Фоньини брейк жасап кетті – 2:1. Содан кейін есепті 5:3-ке жеткізді. Дегенмен қазақстандық теннисші қатарынан үш геймді алды – 6:5. Тай-брейкте де айқын басымдылық көрсетті – 7:6 (7:1).

Төртінші сетте М.Кукушкин қарсыласын тас-талқан етті – 6:0.

Біршама тартысты өткен бәсеке 2 сағат 55 минутқа созылды.

М.Кукушкин екінші айналымда әлемнің 105-ракеткасы, испаниялық Педро Мартинеспен шеберлік байқасады. Ол бастапқы кездесуінде рейтингте 193-сатыдағы аустралиялық Александар Вукичті 7:5, 6:4, 6:0 есебімен тізе бүктірді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның Ролан Гаррос турнирін жеңіспен бастағанын, А.Бубликтің әлемдегі үздік 50 теннисшінің қатарына кіргенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар