Теннис: Кукушкин Нұр-Сұлтан турнирінің екінші айналымына шыға алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Михаил Кукушкин елордада өтіп жатқан челленджер турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда америкалық Маккензи Макдональдпен кездесті.

Америкалық спортшы жексенбі күні аяқталған Аустралия ашық чемпионатының төртінші айналымына дейін жеткен еді.

Бұл жолы да М.Макдональд сәтті ойнап, екі сағатқа жуық уақытқа созылған матчта 7:5, 7:5 есебімен жеңіске жетті.

Сол секілді қазақстандық жас теннисші Тимофей Скатовтың словакиялық Мартин Клижанмен бәсекесі аса тартысты өтті. 3 сағат 16 минутқа созылған кездесуде М.Клижан 6:4, 4:6, 7:6 (7:5) есебімен таразы басын өзіне аудара білді.

Ал Александр Недовесов іріктеу сайыстарының финалында украиналық Владислав Манафовқа 3:6, 6:3, 3:6 есебімен есе жіберіп, негізгі турнирге өте алмады.

Осылайша 28 ақпанда мәреге жететін елорда жарысының алғашқы күні қазақстандықтар үшін сәтсіз болды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Новак Джоковичтің Аустралия біріншілігінің тоғыз дүркін чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар