Теннис: Кукушкин мен Путинцеваның Рим турниріндегі қарсыластары анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстаннның бірінші ракеткалары Михаил Кукушкин мен Юлия Путинцеваның Рим турниріндегі қарсыластары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жүлде қоры 5,2 млн еуродан асатын ерлер арасындағы Рим мастерс турнирі 19 мамырда мәреге жетеді.

Бүгін іріктеу сайыстары басталатын ірі жарыстың алғашқы айналымында әлемнің 40-ракеткасы Михаил Кукушкин рейтингте 32-орында тұрған сербиялық Ласло Дьеремен күш сынасады. Оны ұтса, әлемнің 17-ракеткасы, грузиялық Николоз Басилашвили немесе рейтингте 36-сатыдағы мажарстандық Мартон Фучовичтің бірімен жолығады.

Турнирге әлемнің бірінші ракеткасы, сербиялық Новак Джокович бастаған мықтылар қатысады. Өткен жылы бұл турнирде әлемнің 2-ракеткасы, испаниялық Рафаэль Надаль үздік шыққан болатын.

Әйелдер арасындағы Рим турнирінде әлемнің 43-ракеткасы Юлия Путинцева беташар кездесуін рейтингте 26-сатыдағы украиналық Леся Цуренкомен өткізеді. Оны жеңген жағдайда әлемнің 2-ракеткасы, чехиялық Петра Квитовамен кортқа шығады.

Бұл жарыста да әлемнің бірінші ракеткасы, жапониялық Наоми Осака бастаған маңдайалды теннисшілер бақ сынайды. Өткен жылы бұл турнирде украиналық Элина Свитолина жеңімпаз атанған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Жапониядағы Фукуока, Дмитрий Попко мен Александр Недовесовтің Қазақстандағы Шымкент турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Ал Галина Воскобоева жұптық сында Мадрид турнирінің финалына шыға алмай қалды.

Соңғы жаңалықтар