Теннис: Кукушкин мен Бублик Аустралия чемпионатының финалына өте алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Михаил Кукушкин мен Александр Бублик жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының финалына өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық жұп жартылай финалда осы турнирде 11-ракетка болып тіркелген америкалық Раджив Рам мен ұлыбританиялық Джо Солсберимен кортқа шықты.

Бірінші сетте қазақстандықтар басымдылық көрсетті – 6:4.

Екіншісінде қарсыластары есе қайырды – 6:3.

Үшінші, шешуші партияда қазақстандықтар брейкпен алға шықты – 2:1. Алайда америкалық пен ұлыбританиялық теннисші де қалыспай, А.Бубликтің доп бергенде қателескенін пайдаланып, қайыра брейк жасап, сосын өз геймдерін алып, таразы басын теңестіріп кетті. Тағы бір брейктен кейін Р.Рам мен Д.Солсбери матчты жеңіспен аяқтай білді – 6:4.

Бәсеке 1 сағат 51 минутқа созылды.

Осылайша Аустралия ашық чемпионатында сенсация жасап, тамаша өнер көрсеткен М.Кукушкин мен А.Бублик финалға сәл қалғанда, сүрінді. Дегенмен олар алғаш рет Қазақстан тарихында ерлер арасында «Үлкен дулыға» турнирінің жартылай финалына шықты. Алдағы дүйсенбіде жаңартылатын әлемдік рейтингте қазақстандықтар жұптық сында рейтингте күрт көтерілетін болады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Кукушкин мен Бубликтің Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар