Теннис: Кукушкин Марсель турнирінің финалында жеңіліп қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші ракеткасы Михаил Кукушкин Марсель турнирінің финалында грекиялық Стефанос Циципаспен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген 20 жастағы С.Циципас әлемдік рейтингте 12-орында болса, 31 жастағы қазақстандық теннисші 50-сатыда еді.

Тартысты өрбіген матчтың бірінші партиясында грекиялық спортшы 7:5 есебімен жеңіске жетті.

Екінші сетте брейкке қол жеткізген қазақстандық теннисші 4:2 есебімен алға шықты. Содан кейін де брейк жасайтындай мүмкіндігі болды. Есеп 5:4 болып, М.Кукушкин сетке доп берген кезде қарсыласы брейк жасап, таразы басын теңестіріп кетті. Ақыры партия тай-брейкке ұласты - 6:6. Есеп 5:5 болғанда С.Циципас минибрейк жасай алды. Ақыры ол жеңіс нүктесін қойды - 7:5.

Тартысты бәсеке екі сағатқа созылды.

Осылайша грекиялық спортшы жүлде қоры 744 010 еуроға бағаланған Марсель турнирінің чемпионы атанды.

М.Кукушкиннің соңғы бәсекеге дейін жетуін де жақсы табыс деуге болады. Қазақстандық теннисші бұған дейін 2010 жылы Санкт-Петербург турнирінің жеңімпазы атанған еді. Бұл - оның спорттық жолындағы жалғыз титулы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын рейтингте үздік елулікке енген М.Кукушкин Марсель турнирін сәтті бастады. Сосын жарыстың ширек, жартылай финалына және соңғы бәсекеге жолдама алды.

Сондай-ақ М.Кукушкиннің Дубай турниріндегі қарсыласы анықталды. Онда ол алғашқы айналымда әлемнің 13-ракеткасы, хорватиялық Борна Чоричпен шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар