Теннис: Кукушкин Лос Кабос турнирінің ширек финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 45-ракеткасы Михаил Кукушкин Лос Кабос (Мексика) ATP турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

М.Кукушкин екінші айналымда әлемнің 58-ракеткасы, ұлыбританиялық Кэмерон Норримен кездесті.

Бірінші партияда есеп 4:4 болған мезетте ұлыбританиялық теннисші брейк жасап, алға шықты. Дегенмен ол сетке доп бергенде, Кукушкин сәтті ойнай білді. Сөйтіп ол қатарынан үш геймді алды - 7:5.

Екінші сетте есеп 4:4 болғанда, Норри тағы брейк жасады. Дегенмен Кукушкин де есесін жібермей, таразы басын қайта теңестірді - 5:5. Ақыры ол матчты тағы бір брейкпен түйіндей алды - 7:5.

Бәсеке 1 сағат 35 минутқа созылды.

М.Кукушкин жартылай финалға шығу үшін әлемнің 27-ракеткасы, аргентиналық Диего Шварцманмен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің Лос Кабос турнирінің екінші айналымына шыққанын, ал Зарина Диястың Вашингтон жарысын сәтті бастағанын жазған болатынбыз.

Зарина екінші айналымда украиналық Леся Цуренкомен ойнайды.


Соңғы жаңалықтар