Теннис: Кукушкин Истбурн турнирінің жартылай финалына шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Қазақстанның бірінші, әлемнің 90-ыншы ракеткасы Истбурн турнирінің ширек финалында ұлыбританиялық Кайл Эдмундпен кортқа шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы турнирде 2-інші ракетка болып тіркелген, дүниежүзілік рейтингте 18-інші орында тұрған Эдмундпен кездесу тартысты өрбіді. Оның үстіне жарыс Ұлыбританияда өтіп жатқаннан кейін жанкүйерлер отандасына қолдау көрсетіп отырды. Бұл да шешуші тұстарда әсер етпей қалған жоқ.

Тәжірибелі Кукушкин отыз жаста болса, 1995 жылғы Эдмунд осының алдында өзінің отандасы, әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Энди Маррейді ұтқан болатын. Сондықтан ұлыбританиялықтардың оған үміт артуы заңды.

Бірінші партияда есеп 4:4 болып тұрған мезетте Кукушкин брейк жасап, алға шықты. Алайда ол осы сетті ұтатын мүмкіндікті пайдалана алмай, 5:7 есебімен есе жіберді.

Екінші партия басында брейк жасаған қазақстандық теннисші 3:1 есебімен алда тұрды. Ақыры осы басымдылығынан айырылмай, тағы бір брейкке қол жеткізіп, сетті жеңіспен бітірді - 6:3.

Үшінші, шешуші сетте Михаил Кукушкин тартысты өрбіген өз геймінде қарсыласының брейк жасауына мүмкіндік берген жоқ. Сосын  брейк жасап, өзі доп бергенде, қателесе қойған жоқ - 3:0. Бұдан кейін Кукушкин ұлыбританиялық теннисшіге еш жеңістік бермей, 6:1 есебімен айқын басымдылық көрсетті.

Тартысты бәсеке 2 сағат 16 минутқа созылды. М.Кукушкин жартылай финалда Германия елінің өкілі, әлемнің 67-інші ракеткасы Миша Зверевпен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің Истбурн турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз. Бұл жарыс, бір жағынан, алдағы аптада басталатын Уимблдон турниріне дайындық болып есептеледі.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар