Теннис: Кукушкин Индиан-Уэллс турнирінің алғашқы айналымынан аса алмады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 43-ракеткасы Михаил Кукушкин Индиан-Уэллс турнирінің алғашқы айналымында сербиялық Филип Крайиновичпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 113-сатыда тұрған сербиялық теннисші негізгі турнирге іріктеу сайыстары арқылы қосылған-ды.

Ф.Крайинович екі партияда 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Бәсеке 1 сағат 18 минутқа созылды.

Сербиялық теннисші екінші айналымда бельгиялық, әлемнің 21-ракеткасы Давид Гоффенмен күш сынасады.

М.Кукушкин өткен жылы да бастапқы мачтында жеңіліс тапқан еді.

Жүлде қоры 8,4 млн АҚШ долларына жуықтайтын Индиан-Уэллс турнирі 17 наурызда мәреге жетеді.

Әйелдер арасындағы осы жарыста Қазақстанның бірінші, әлемнің 47-ракеткасы Юлия Путинцева екінші айналымда рейтингте 8-орында тұрған германиялық Анжелика Кербермен шеберлік байқасады. Ал Зарина Дияс алғашқы кездесуінде америкалық Джессика Пегуладан ұтылып қалды.

Өткен жылғы осы жарыста З.Дияс алғашқы айналымда әлемнің бұрынғы 1-ракеткасы, атақты америкалық Серена Уильямске есе жіберген еді. Ю.Путинцева чехиялық Петра Квитовадан ұтылып, екінші айналымнан аса алмаған болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның Индиан-Уэллс турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар