Теннис: Кукушкин Хертогенбос турнирінің екінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 47-ракеткасы Михаил Кукушкин Хертогенбос (Нидерланды) ATP турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

М.Кукушкин алғашқы айналымда рейтингте 76-сатыда тұрған италиялық Лоренцо Сонегомен кездесті.

Бірінші партияда италиялық спортшы 7:5 есебімен басымдылық көрсетті.

Екінші сетте брейк жасаған қазақстандық теннисші алға шықты. Ақыры осы мүмкіндігінен айырылған жоқ - 6:4.

Үшінші, шешуші партияда есеп 1:1 болған мезетте М.Кукушкин брейк жасай алды - 2:1. Содан кейін де осы қарқынынан таймай, матчты жеңіспен түйіндей білді - 6:4.

Тартысты бәсеке 2 сағаттан астам уақытқа созылды.

Жүлде қоры 711 275 еуроға бағаланған, 16 маусым күні аяқталатын Хертогенбос турнирінің екінші айналымында М.Кукушкин осы турнирдің сегізінші, әлемнің 42-ракеткасы, франциялық Ришар Гаскемен кортқа шығады.

Шымкент қаласында 10 маусым күні басталған челленджер турнирі әзірге Андрей Голубев үшін ғана сәтті болды. Қалған қазақстандық теннисшілер алғашқы күні-ақ қарсыластарына есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.

Рейтингте 610-орында тұрған А.Голубев бүгін әлемнің 348-ракеткасы, қытайлық У Димен күш сынасып, 6:2, 6:3 есебімен жеңіске жетті.

А.Голубев екінші айналымда әлемнің 243-ракеткасы, канадалық Стивен Диаспен кортқа шығады.

Осы жарыстың 7-ракеткасы болып тіркелген тағы бір қазақстандық Александр Недовесов рейтингісі жоғары (194-орын) болғандықтан, доданы екінші айналымнан бастайды. Ол 264-сатыдағы франциялық Глеб Сахаровтың шамасын байқап көрмек.

Шымкент турнирі де 16 маусым күні мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Хертогенбос турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

Дүниежүзілік рейтингте 135-орында тұрған Е.Рыбакина әлемнің 55-ракеткасы, бельгиялық Элисон Ван Эйтванкпен шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар