Теннис: Кукушкин Эшторил турнирінің алғашқы айналымынан аса алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 40-ракеткасы Михаил Кукушкин Эшторил (Португалия) турнирінің алғашқы айналымынан аса алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші әлемнің 31-ракеткасы, америкалық Фрэнсис Тиафомен күш сынасты.

Ф.Тиафо өткен жылы осы турнирдің финалына дейін жеткен еді. Биыл да кемінде сол жетістігін қайталауға барын салатыны анық.

Бұл кездесуде америкалық теннисші 6:3, 7:5 есебімен жеңіске жетті.

Бәсеке 1 сағат 23 минутқа созылды.

Ф.Тиафо екінші айналымда әлемнің 71-ракеткасы, жапониялық Есихито Нисиокамен шеберлік байқасады.

Жүлде қоры 524 340 еуроға бағаланған Эшторил жарысы 5 мамырда мәреге жетеді.

Бұл күндері басқа да қазақстандық теннисшілер түрлі турнирлерде бақ сынауда.

Дүниежүзілік рейтингте 96-орында тұрған Александр Бублик Мексикадағы Пуэрта-Вальярта челленджер турнирінде бірінші ракетка болып тіркелген. Екінші айналымға бірден қосылған ол әлемнің 370-ракеткасы, бразилиялық Жуан Менезеспен кездеседі.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 315-ракеткасы Денис Евсеев АҚШ-тағы Саванна челенджер турнирінде бірінші айналымда аргентиналық, рейтингте 454-орындағы Камило Уго Карабеллиді ұтты. Әйтсе де екінші матчта әлемнің 209-ракеткасы, америкалық Кристофер Юбэнкстен ұтылып, жарыс жолынан шығып қалды.

Рейтингте 608-орында тұрған Дмитрий Попко АҚШ-тағы Веро Бич ITF турнирінің алғашқы айналымында колумбиялық Хуан Бенитес Чаварриагамен кортқа шығады.

Әйелдер арасында әлемдік рейтингте 115-орынға дейін төмендеп кеткен Зарина Дияс Жапониядағы Гифу ITF турнирін сәтті бастады. Ол әлемнің 228-ракеткасы, америкалық Джейми Лобты 6:0, 6:1 есебімен ойсырата ұтты. Турнирдің 3-ракеткасы болып тіркелген Зарина ширек финалға шығу үшін жапониялық Момоко Кобори немесе қытайлық Юань Юэнің біреуімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық Юлия Путинцеваның Рабат турнирінің алғашқы айналымынан аса алмағанын жазған болатынбыз.

Өткен аптада Ыстанбұл турнирінде сәтті өнер көрсеткен Елена Рыбакина әлемдік рейтингте бірден 27-орынға жоғарылады.

Соңғы жаңалықтар