Теннис: Кукушкин Дубай турнирінің екінші айналымына өте алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Михаил Кукушкин Дубай ATP турнирінің екінші айналымына өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 89-орында тұрған М.Кукушкин алғашқы айналымда әлемнің 17-ракеткасы, ресейлік Карен Хачановпен кездесті.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші 3:1, 4:2 есебімен алға тұрғанымен, ресейлік спортшы таразы басын теңестірумен болды. Тай-брейкте К.Хачанов басымдылық көрсетті – 7:6 (7:2).

Екінші сетте ресейлік теннисші бірден алға кетті – 3:0. Содан кейін де бет қаратқан жоқ – 6:1.

Бәсеке сағат жарымға созылды.

К.Хачанов екінші айналымда әлемнің 96-ракеткасы, аустриялық Деннис Новак немесе рейтингте 134-сатыдағы үндістандық Праджнеш Гуннесваранның біреуімен шеберлік байқасады.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 47-ракеткасы Александр Бублик бастапқы кездесуін ертең рейтингте 30-сатыдағы Польша өкілі Хуберт Гуркачпен өткізеді.

Өткен жылы бұл додаға М.Кукушкин де, А.Бублик те қатыспаған болатын.

Жүлде қоры 3 млн АҚШ долларына жуықтайтын Дубай жарысы 1 наурызда мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ярослава Шведованың Доха турнирінің алғашқы айналымынан аса алмағанын, ал Елена Рыбакинаның әлемдік рейтингте рекордтық 17-орынға көтерілгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар