Теннис: Кукушкин де Аустралия чемпионатында жарыс жолынан шығып қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Михаил Кукушкин Аустралия ашық чемпионатының бірінші айналымында франциялық Лукас Пуильмен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемдік рейтингте Л.Пуиль 31-орында болса, М.Кукушкин 56-сатыда еді. Бұған дейін қарсыластар үш мәрте кортқа шықса, соның екеуінде франциялық спортшы жеңіске жеткен болатын.

Бұл жолы да Л.Пуиль матчты қарқынды бастап, бірінші партияда айқын басымдылық көрсетті - 6:1.

Есесіне екінші сетте М.Кукушкин брейк жасап, 3:1 есебімен алға шықты. Әйтсе де көп ұзамай франциялық теннисші қайыра брейкке қол жеткізіп, таразы басын теңестіре алды - 5:5. Сосын тағы бір брейкпен сетті жеңіспен аяқтады - 7:5.

Үшінші партияда Пуиль жеңістік бермеді - 6:4.

Бәсеке 2 сағатқа жуық уақытқа созылды.

Л.Пуиль екінші айналымда әлемнің 71-ракеткасы, германиялық Максимилиан Мартерер немесе франциялық Глеб Сахаровтың (252-ракетка) біреуімен шеберлік байқасады.

Осылайша Аустралия ашық чемпионатында жекелей сында Қазақстаннан әлемнің 39-ракеткасы Юлия Путинцева ғана қалды. Ол ертең Швейцария елінің өкілі, рейтингте өзінен он саты төмен орналасқан Белинда Бенчичпен үшінші айналымның жолдамасын сарапқа салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның Аустралия чемпионатын жеңіспен бастағанын, ал З.Диястың алғашқы айналымнан аса алмағанын жазған болатынбыз.

Өткен жылғы Аустралия біріншілігінде З.Дияс пен М.Кукушкин бастапқы кездесуінде-ақ ұтылып қалса, Ю.Путинцева екінші айналымға дейін жеткен еді. Биыл Ю.Путинцеваның ғана сол көрсеткішін жақсартуына мүмкіндігі бар.

Соңғы жаңалықтар