Теннис: Кукушкин Чэнду турнирінің екінші айналымына шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 87-інші ракеткасы Михаил Кукушкин Чэнду турнирінің алғашқы айналымында америкалық Теннис Сандгренмен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қытай елінде өтіп жатқан жарыстың 8-інші ракеткасы болып тіркелген, 27 жасар Т.Сандгрен дүниежүзілік рейтингте биыл 31-ге толатын қазақстандық теннисшіден әлдеқайда жоғары, 55-інші сатыда тұр.

Біршама тартысты өрбіген бастапқы партияда брейк жасай білген М.Кукушкин өз геймдерін де құр жібермей, 5:3 есебімен алға шықты.  Осы басымдылығынан айырылмаған ол бұл сетте 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Екінші партияда есеп 1:1 болғаннан кейін америкалық теннисші доп берген мезгілде Кукушкин төртінші брейк-пойнтын пайдалана білді. Алайда келесі геймде Сандгрен қайыра брейк жасады - 2:2. Дегенмен қазақстандық спортшы бар шеберлігін салып, тағы бір брейкке қол жеткізіп, өз геймін де алды - 5:3. Ақыры тағы бір брейкпен матчты аяқтады - 6:3.

Кездесу 1 сағат 27 минутқа созылды.

М.Кукушкин екінші айналымда тағы бір америкалық, рейтингте 62-інші орында тұрған, алдағы айда 21 жасқа толатын Тэйлор Харри Фрицпен шеберлік байқасады.

Айта кетейік, жүлде қоры 1 млн АҚШ долларынан асатын Чэнду турнирі 30 қыркүйекте мәреге жетеді.

Соңғы жаңалықтар