Теннис: Кукушкин әлемдік рейтингте 45-орынға көтерілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин бүгін жаңартылған әлемдік рейтингте 45-орынға көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін 58-сатыда болған М.Кукушкин кеше аяқталған Уимблдон турнирінде табысты өнер көрсетіп, төртінші айналымына дейін жеткен еді.

Осы жарыстың жеңімпазы атанған сербиялық Новак Джокович рейтингтегі көшбасшылық орнын әзірге ешкімге берер емес. Испаниялық Рафаэль Надаль екінші, Уимблдон турнирінің финалисі, швейцариялық Роджер Федерер үшінші орында.

Тағы бір қазақстандық Александр Бублик 83-тен 82-ге сырғыды. Ал Александр Недовесов 200-ден 196-сатыға көтерілді.

А.Бубликтің де, А.Недовесовтің де рейтингтегі өз көрсеткішін жақсартуларына мүмкіндіктері бар. А.Бублик АҚШ-тағы Ньюпорт ATP турниріне қатысады. Оның қарсыласы іріктеу сайысынан өткен теннисшінің бірі болмақ.

Сол секілді А.Недовесов бүгін Нұр-Сұлтан қаласында басталған Президент кубогы үшін челленджер турнирінің 5-ракеткасы болып тіркелген. Жарысты екінші айналымнан бастайтын ол тағы бір қазақстандық Григорий Ломакин немесе аргентиналық Факундо Менаның біреуімен кездеседі.

Нұр-Сұлтан додасы қазақстандықтар үшін сәтсіз басталды. Бүгін Достанбек Ташбулатов жапониялық Сюити Секигутиге 3:6, 1:6 есебімен есе жіберді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің Уимблдон турнирінің ширек финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар