Теннис: Қазақстанның Федерация кубогындағы басты қарсыластары кімдер

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 6-9 ақпан күндері Астанадағы Ұлттық теннис орталығында Федерация Кубогының матчы өтеді. Онда Қазақстан құрамасы Федерация Кубогының екінші Әлемдік тобының плей-офф кезеңіне шығу үшін бақ сынайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада өтетін осы сайыста теннис жанкүйерлері Қытай, Тайланд, Үндістан, Қазақстан, Оңтүстік Корея, Индонезияның үздік теннисшілерін көруге мүмкіндік алады.

Жеребе нәтижесі бойынша Қазақстан құрамасы Азия/Океания аумағының І тобының матчында «А» тобында Үндістан мен Тайланд елдерінің ойышыларымен кездеседі. «В» тобында Қытай, Оңтүстік Корея, Индонезия мен Океания теннисшілері өзара мықтыны анықтайды. Осыдан кейін «А» және «В» тобынан іріктеліп шыққан командалар ІІ Әлемдік топтың плей-офына жолдаманы сарапқа салады.

«Федерация Кубогы - өздеріңіз білетіндей үлкен жарыс. Біздің еліміздегі теннистен өтетін сайысқа әлемнің ең мықты командалары жиналып отыр. Қазақстанның атынан шығып жүрген ең мықты ойыншылар да, мінекей, елімізге келіп, өнер көрсетеді. Біздің мақсатымыз - Әлемдік топтың плей-офының деңгейіне шығу. 2013 және 2017 жылы ол кезеңде болғанбыз. Сол себепті бұл жерде жақсы мүмкіндік туып отыр. Теннисшілеріміздің дайындығы жақсы. Бірінші ракеткамыз Юлия Путинцева болса, екінші ракеткамыз Зарина Дияс болып отыр. Жұпты ойыннан кәсіптік ойынға Галина Воскобоева келді. Былтыр біз Үндістанда Жапония командасынан жеңіліп қалған болатынбыз. Жапония кейін Әлем тобына оралды. Азия-Океания тобы өте мықты. Сол себепті оңай болмайды. Ең мықты қарсыластарымыз - топта Үндістан десек, финалға өтсек, Қытай командасы мықты болып отыр», - деді Астанада өткен баспасөз мәслихатында теннистен Қазақстан құрамасының капитаны Диас Досқараев.

Қазақстан намысын сайыста Зарина Диас, Юлия Путинцева, Галина Воскобаева, Анна Данилина, мен Гөзәл Айнитдинова қорғайды.

Қазақстан құрамасының матчтары 6,8, және 9 ақпан күндері сағат 11.00-де басталады. Финал 11 ақпан күні сағат 11.00-де өткізіледі.

Соңғы жаңалықтар