Теннис: Қазақстан құрамасы Дэвис кубогының ширек финалына жолдама алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Ұлттық теннис орталығында 1/8 финалында Қазақстан мен Италия арасындағы матчтың соңғы, шешуші бәсекесінде Александр Недовесов Фабио Фоньинимен кездесті.

Осыған дейін есеп 2:2 болып тұрған еді. А.Недовесов әлемдік рейтингте 130-ыншы орында тұрса, Италияның бірінші ракеткасы Ф.Фоньинидің 22-інші сатыда келе жатқаны белгілі. Соған қарамастан, кездесу аса тартысты өтті. Бірінші партияда А.Недовесов 7:6 есебімен тай-брейкте жеңіске жетсе, одан кейінгі екі сетте (3:6, 4:6) итальяндық теннисшіге есе жіберді. Төртінші партияда қазақстандық теннисші 6:3 есебімен басым түсті. Бесінші, шешуші партияда Александр бірден ойын тізгінін қолына алып, есепті 4:1-ге жеткізді. Алайда содан кейін екі брейк пен қос геймді сәтті пайдаланған Ф.Фоньини 5:4 есебімен алға шықты. Бірақ бұдан кейін А.Недовесов қайратына мініп, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Ойын 3 сағат 45 минутқа созылды.

Сөйтіп Қазақстан құрамасы Италияны 3:2 есебімен жеңіп, ширек финалға жолдама алды. Онда қазақстандықтар Австралия құрамасымен шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар