Теннис: Қазақстан құрамасы Азия біріншілігін жеңіспен бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан құрамасы елордадағы «Дәулет» теннис орталығында 12 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан Азия командалық біріншілігін (ITF Asian 12&Under Team Championships 2021) жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, жеребеге сәйкес қазақстандық ұлдар Пәкістан, Таиланд және Иорданиямен «А» тобына түсті.

Қыздар Үндістан, Ливан және Малайзиямен «В» тобында бақ сынауда.

Жарыстың беташар күні қазақстандық қыздар Ливан құрамасын бет қаратпай жеңді. Алдымен Эвелина Балаганская Каи Чкабанды 6:0, 6:1 есебімен тас-талқан етті.

Одан Ева Корышева да қалыспай, Кармен-Мария Азарды оңай ұтты – 6:2, 6:0. Жұптық сында Сабина Шухратова мен Э.Балаганская тағы бір ұпайды қоржынға салды – 6:1, 6:0.

Сейсенбі күні қыздар Малайзиямен ойнайды.

Пәкстанмен өткен матч ұлдарға оңайға түскен жоқ. Әуелі Родион Трайгель Роман Хамзадан ұтылып қалды – 6:2, 2:6,

1:6. Дегенмен екінші кездесуде Ярослав Пшеничный Абу Бакар Талхеге еш мүмкіндік қалдырған жоқ – 6:0, 6:2.

Я.Пшеничный мен Мадияр Тағыбеков жұптық сында АбуБакар – Баек Микаэльді 6:0, 6:2 есебімен ұтып, шешуші

ұпайға қол жеткізді. 23 қарашада қазақстандық ұлдарға Таиланд теннисшілері қарсы тұрмақ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қарағандыдағы халықаралық турнирде қазақстандықтардың жеңіске жеткенін, А.Бубликтің эйс жасаудан әлемде үздік нәтиже көрсеткенін жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар