Теннис: Қазақстан Дэвис кубогының жартылай финалына шыға алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мадридте Дэвис кубогының ширек финалында Қазақстан құрамасы Сербияға есе жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екінші ойында әлемнің 1-ракеткасы Новак Джокович пен қазақстандық Александр Бублик күш сынасты.

Бұл жолы А.Бубликтің «Үлкен дулыға» турнирін 20 рет ұтқан Н.Джоковичпен бірінші кездесуі еді.

Бірінші партияда сербиялық теннисші брейкпен алға кетіп,

сол басымдылығын сақтап қалды – 6:3.

Джокович екінші сетте де брейкпен алға шықты – 3:1.

Ақыры есесін жіберген жоқ – 6:4.

Бір сағат 14 минутқа созылған бәсекеде Н.Джокович 4 эйс, 2 брейкке қол жеткізді. А.Бублик 12 эйс жасағанымен, 2 брейк-пойнтты пайдалана алған жоқ.

Осылайша Қазақстан – Сербия матчында таразы басы теңесті – 1:1.

Матч тағдыры жұптық сында шешілді.

Андрей Голубев пен Александр Недовесов сербиялықтар Н.Джокович – Никола Качичпен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда сербиялықтар қос брейкпен басымдылық

көрсетті – 6:2.

Екіншісінде қазақстандық жұп дәл сондай есеппен есе қайырды – 6:2.

Үшінші, шешуші партияда тағы екі брейк жасаған сербиялықтар матчты жеңіспен бітірді –6:3.

Бір сағат 39 минутқа созылған бәсеке барысында Н.Джоковичтің шеберлігі айқын көрінді.

Сөйтіп жартылай финалға Сербия жолдама алды. Олар финалға шығу үшін Хорватиямен таласады.

Еске сала кетейік , бұдан бұрын теннистен Дэвис кубогында Қазақстан Сербиямен матчты жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар