Теннис: "Қазақстан–Аргентина" матчында Рыбакина командасын алға шығарды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кордова қаласында Билли Джин Кинг кубогының плей-офф кезеңінде Қазақстан – Аргентина матчында еліміздің бірінші ракеткасы, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина командасын алға шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың екінші күні Елена Рыбакина Аргентинаның бірінші, әлемнің 45-ракеткасы Надя Подороскамен кездесті.

Кеше аргентиналық, дүниежүзілік рейтингте небәрі 430-орында тұрған Мария Лурдес Карледен күтпеген жерден жеңіліп қалған Е.Рыбакина бұл жолы ойын тізгінін қолына алды.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші басымдылық көрсетті – 6:4.

Екінші сетте есеп 2:1 болған мезетте Е.Рыбакина брейк жасай білді. Матчқа доп бергенде, қарсыласы қайыра брейк жасады. Бірақ Елена кездесуді тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:4.

Бәсеке 2 сағат 6 минутқа созылды.

Осылайша матчта Қазақстан құрамасы 2:1 есебімен алға шықты. Енді қазақстандықтарға қалған екі кездесуде бір жеңіске жетсе болды, Билли Джин Кинг кубогының шешуші кезеңіне жолдама алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның Қазақстан – Аргентина жеңіспен бастағанын, сосын есептің теңескенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, қазақстандық теннисшілер Хорватиядағы турнирдің финалына шыға алмады.





Соңғы жаңалықтар