Теннис: Қазақстан – Аргентина матчында есеп теңесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Испанияның Кордова қаласында Билли Джин Кинг кубогының плей-офф кезеңінде Қазақстан – Аргентина матчының екінші ойыны өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кортқа бұл жолы Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина аргентиналық, дүниежүзілік рейтингте небәрі 430-орында тұрған Мария Лурдес Карлемен шықты.

Бұл кездесуде қазақстандық теннисші сөзсіз фаворит саналғанымен, ойын басқаша өрбіді.

Бірінші партияда алдымен Е.Рыбакина брейкпен алға шықты – 2:0. Алайда қарсыласы таразы басын теңестіріп қана қоймай, есеп 3:3 болған мезетте брейк жасап кетті. Сосын басымдылықты уысынан шығарған жоқ – 6:4.

Екінші сетте Елена қос брейкке қол жеткізіп, есепті 4:0-ге жеткізді. Бұдан кейін аргентиналық теннисші қарымта қайырып, есепті қысқартты – 3:4. Дегенмен Рыбакина тағы бір брейктен кейін сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін пайдалана білді – 6:3.

Үшінші, шешуші партияда корт иесі 3:0 есебімен алға кетті. Күн ыстық болған соң ба, өзін жайсыз сезінген Рыбакина медициналық көмекке де жүгінді. Ал аргентиналық спортшы қарқынын бәсеңдеткен жоқ – 6:0.

Бәсеке 2 сағат 17 минутқа созылды.

Осылайша Қазақстан – Аргентина матчында есеп теңесті – 1:1. Сенбі күні матч жалғасып, Билли Джин Кинг кубогының (бұрынғы Федерация кубогы) шешуші іріктеу кезеңіне берілетін жолдама тағдыры шешіледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан – Аргентина матчының жеребесі тартылғанын, Ю.Путинцеваның жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар