Теннис: Карантинге байланысты Париждегі мастерс турнирі көрерменсіз өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Францияда енгізілген жаппай карантинге байланысты Париждегі мастерс турнирі көрерменсіз өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың ресми сайты мәлім еткендей, бұдан бұрын күн сайын 1 мыңға дейін көрерменнің қатысуы жоспарланған еді.

Енді билет алғандардың ақшасы қайтарылады.

Франция теннис федерациясы доданы тамашалау мүмкіндігінен айырылған адамдардың бұған түсіністікпен қарауын өтінді.

Франция еліндегі карантин кемінде 1 желтоқсанға дейін созылады.

Жүлде қоры 5,4 млн еуродан асатын ерлер арасындағы Париждегі мастерс турнирі 2-8 қараша аралығында өтеді. Қатысушылар тізімінде Қазақстанның бірінші, әлемнің 49-ракеткасы Александр Бублик те бар.

Өткен жылы мұнда әлемнің 1-ракеткасы, сербиялық Новак Джокович жеңімпаз атанған болатын. Ол финалда канадалық Денис Шаповаловты 6:3, 6:4 есебімен ұтқан еді. Биылғы додаға олардың екеуі де бармайтын болды. Сондықтан мастерс турнирінде жаңа чемпионның есімі анықталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Astana Open турнирінің бірінші ракеткасын ұтқанын жазған болатынбыз.

 
Соңғы жаңалықтар