Теннис: Индиан-Уэллс турнирінде З.Дияс атышулы С.Уильямспен кездесе ме?

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 11 наурыз күні АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында теннистен әйелдер арасында халықаралық турнир басталады.

Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, онда әлемдік рейтингте көш бастап келе жатқан американдық Серена Уильямс, сондай-ақ ресейлік Мария Шарапова, румыниялық Симона Халеп және басқа күштілер сынға түседі.

Әлемнің 32-інші, осы турнирдің 28-інші ракеткасы, қазақстандық Зарина Дияс өзге де таңдаулы ойыншылар қатарында жарысты екінші айналымнан бастайды. Онда хорватиялық Донна Векич немесе американдық Луиза Чириконың біреуімен кездеседі. Бұл екеуі де - он сегіз жастағы жас ойыншылар. Егер Зарина үшінші айналымға өтсе, онда атышулы С.Уильямстың өзімен шеберлік байқасуы әбден ықтимал.

Өткен аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен жүздескен З.Дияс әлемнің үздік он теннисшісі қатарына енуді мақсат етіп отырғанын жеткізген болатын. Заринаның шама-шарқын сынайтын турнирдің бірі дәл осы жарыс болмақ.

Айта кетейік, 22 наурызда мәреге жететін Индиан-Уэллс турнирінің жүлде қоры 5,4 млн. АҚШ долларына жуықтайды. Сондықтан онда сәтті өнер көрсеткендер ұпай қорын толықтырып, табыс та табатыны анық.

Соңғы жаңалықтар