Теннис: Голубев пен Недовесов Нұр-Сұлтан турнирінің жартылай финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Андрей Голубев пен Александр Недовесов жұптық сында Нұр-Сұлтан челленджер турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық жұп ширек финалда ресейлік Теймураз Габашвили мен Беларусь елінің өкілі Егор Герасимовпен кездесті.

Бірінші партияда Голубев пен Недовесов 2:0 есебімен алға шыққаннан кейін қарсыластары бәсекені жалғастырудан бас тартты.

Қазақстандықтар финалға шығу үшін колумбиялық Николас Баррьентос пен аргентиналық Факунда Менамен таласады.

А.Недовесов жекелей сында дәл осы Ф.Менаны ұтқан болатын. Алайда қазақстандық теннисші сол жеңісті жолын жалғастыра алмай, бүгін италиялық Маттео Виоладан жеңіліп қалды.

Сол сияқты әйелдер арасында жекелей сында Гөзал Айнитдинова германиялық Вивиан Хайзенге, тағы бір қазақстандық Жібек Құламбаева чехиялық Мария Боузковаға жол берді.

Осылайша, өкінішке қарай, жекелей сында Қазақстаннан ешкім қалмады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Гөзал Айнитдинова мен Жібек Құламбаеваның Нұр-Сұлтан жарысының екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

АҚШ-тағы Ньюпорт турнирінің ширек финалына шыққан Александр Бублик америкалық Теннис Сандгренмен шеберлік байқасады.

Тағы бір қазақстандық Елена Рыбакина Бухарест додасында румыниялық Жаклин Адина Кристианмен ширек финал жолдамасын сарапқа салады.




Соңғы жаңалықтар