Теннис: елордада Astana Open халықаралық турнирі өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық теннис орталығының корттарында 19-26 қыркүйекте Astana Open ATP 250 халықаралық турнирі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, аталмыш жарыс ATP-ның жаңартылған ресми күнтізбесіне енгізілген.

Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польскийдің айтуынша, ATP-ның директорлар кеңесі мен қатысқан ойыншылар өткен жылғы осы доданың деңгейін жоғары бағалаған.

«Пандемияның қайтадан кең таралуына байланысты биыл күзде Қытайда көптеген жарыстар өтпейтін болды. Бұған алаңдаған ATP басшылығы біздің бір жарысты өткізуге келісім бергенімізге ризашылық білдірді. Бұл – біз үшін жақсы мүмкіндік, мұндай жарыстар ең алдымен жастарға жол ашады», деді Ю.Польский.

Astana Open жарысынан бір апта бұрын Нұр-Сұлтан қаласында ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді. Мұнда жеңімпаз атанған ойыншы Astana Open-нің негізгі турниріне, жүлдегерлер іріктеу сайыстарына жолдама алады.

Астана ашық біріншілігіне Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Андрей Голубев пен Александр Недовесовтер қатысады. Ал Дмитрий Попко, Тимофей Скатов, Денис Евсеев, Бейбіт Жукаев секілді жастар ел чемпионаты арқылы өз бағын сынап көреді.

Жанкүйерлер үшін бір жаңалық, жарысты ұйымдастырушылар балаларды шектеулі көлемде кортқа кіргізуді жоспарлап отыр. Олар барлық санитарлық талаптарға сәйкес әуелі ПТР тест тапсырады. Сөйтіп ол балалар сүйікті теннисшілерінің ойындарын өз көзімен көре алады. Ересек жанкүйерлер жіберілмейді.

Қазақстан теннис федерациясы барлық матчтарды ҚТФ сайты мен Қазақстан телеарналарында көрсетуді ұйымдастырады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Германиядағы жарыстың жартылай финалына шыққанын, Зарина Диястың Чикаго турнирінің ширек финалына өткенін жазған болатынбыз.

Ал Елена Рыбакина Цинциннати мастерс турнирінің ширек финалына шыға алмады.

Е.Рыбакина ресейлік Вероника Кудерметовамен бірге екінші айналымда америкалық Николь Меличар – нидерландылық Деми Схюрстан 4:6, 4:6 есебімен жеңіліс тауып, жұптық сында да ширек финалға шыға алмай қалды.


Соңғы жаңалықтар