Теннис: Елена Рыбакина Ыстанбұл турнирінің ширек финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Ыстанбұл турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іріктеу сайыстарынан кейін негізгі жарысқа жолдама алған Е.Рыбакина екінші айналымда әлемнің 52-ракеткасы, франциялық Полин Пармантьемен күш сынасты.

Әлемдік рейтингте 161-орында тұрған қазақстандық теннисші 1999 жылғы болса, қарсыласы одан бақандай 13 жасқа үлкен, тәжірибесі де мол еді.

Бірінші партияны қарқынды бастаған Рыбакина Пармантьеге бірде-бір гейм бермей, қақырата жеңді - 6:0.

Есесіне екінші сетті франциялық теннисші брейкпен бастады - 2:0. Дегенмен есеп 3:4 болған мезетте Елена қайыра брейк жасады - 4:4. Содан кейін матчты тағы бір брейкпен түйіндеді - 6:4.

Қазақстандық теннисшінің басымдылығымен өткен бәсеке бір сағатқа жуық уақытқа созылды.

Елена Рыбакина жүлде қоры 250 мың АҚШ долларына бағаланған Ыстанбұл турнирінің ширек финалында тағы бір тәжірибелі теннисші, әлемнің 47-ракеткасы, 33 жасар чехиялық Барбора Стрыцовамен шеберлік байқасады.

Осы турнирдің жұптық сынында 4-ракетка болып тіркелген қазақстандық Галина Воскобоева мен ресейлік Вероника Кудерметова чехиялықтар Барбора Стрыцова мен Маркета Вондрусоваға 3:6, 1:6 есебімен есе жіберіп, ширек финалға шыға алмады. Енді жекелей сында Е.Рыбакина осы Б.Стрыцовамен кездескелі отыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинанынң Ыстанбұлдың негізгі турниріне жолдама алғанын, содан кейін екінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар