Теннис: Елена Рыбакина Истбурн турнирінің екінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Елена Рыбакина Истбурн (Ұлыбритания) WTA 500 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 141-орында тұрған ұлыбританиялық Хэрриет Дартпен өткізді.

Бірінші партияда Е.Рыбакина сенімді ойнай білді - 6:2.

Екінші сетте Х.Дарт брейкпен алға шыққанымен, Елена таразы басын теңестірді. Бірақ тай-брейкте Дарттың жолы болды - 7:6 (7:5).

Үшінші, шешуші партияда Рыбакина жеңісті жұлып алды - 6:4.

Тартысты бәсеке 2 сағат 20 минутқа созылды.

Матч барысында Е.Рыбакина 22 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Қарсыласы үш брейкпен шектелді.

Е.Рыбакина жүлде қоры 565 мың АҚШ долларынан асатын доданың ширек финалына шығу үшін әлемнің 5-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинамен таласады. Ол дәл осындай тартысты кездесуде әлемнің 33-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосаны ұтты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Германиядағы турнирдің ширек финалына шыққанын, Ярослава Шведованың Олимпиадаға қатысып, ел намысын қорғау зор мәртебе екендігін айтқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар