Теннис: Елена Рыбакина Хобарт турнирінің жартылай финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 30-ракеткасы Елена Рыбакина Хобарт (Аустралия) WTA турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы жарыстың (жүлде қоры – 275 мың АҚШ доллары) 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда рейтингте 129-орында тұрған аустралиялық Лизетт Кабрерамен кездесті.

Бірінші партияда бірден брейк жасаған Е.Рыбакина 2:0 есебімен алға шықты. Дегенмен Л.Кабрера да қалыспай, таразы басын теңестірді – 4:4. Ақыры ол тай-брейкте сәтті өнер көрсетті – 7:6 (7:4).

Екінші сетте де қазақстандық теннисші брейкпен алға кетті – 3:0. Бірақ қарсыласы есепті тағы теңестірді – 4:4. Бұл жолы тай-брейкте Е.Рыбакина басым болды – 7:6 (7:2).

Үшінші, шешуші партия брейк алмасумен басталып, сосын қазақстандық теннисші 3:1 есебімен алға шыққанымен, басымдылықты сақтай алмады. Дегенмен есеп 5:5 болғанда, тағы бір брейк жасай білді – 6:5. Содан кейін матчқа доп бергенде, есесін жіберген жоқ – 7:5.

Біршама шиеленіспен өткен бәсеке 2 сағат 39 минутқа созылды.

Е.Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 101-ракеткасы, ұлыбританиялық Хитер Уотсонмен таласады. Ол ширек финалда 3 сағат 33 минутқа созылған аса тартысты мачтта әлемнің 17-інші, осы доданың 1-ракеткасы, бельгиялық Элиза Мертенсті 6:7 (5:7), 6:4, 7:5 есебімен жеңіп кетті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Хобарт турнирінің ширек финалына шыққанын, Дмитрий Попконың Аустралия ашық чемпионатының іріктеу сайысын сәтті бастағанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар