Теннис: Елена Рыбакина Хертогенбос турнирінің жартылай финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Елена Рыбакина Хертогенбос (Нидерланды) турнирінің ширек финалында бельгиялық Кирстен Флипкенспен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі күннен кейін 20-ға толатын қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингте 134-орында болса, 33 жастағы тәжірибелі қарсыласы 69-сатыда еді.

Негізгі турнирге іріктеу сайыстарынан кейін қосылған Е.Рыбакина бұл матчты да сәтті бастады. Бірінші партияда есеп 1:1 болған мезетте брейк жасап, алға шықты - 2:1. Ақыры осы басымдылығынан айырылған жоқ - 6:4.

Екінші партияда Е.Рыбакина доп берген төртінші гейм аса тартысты өрбіп, 12 минуттан астам уақытқа созылды. Қазақстандық теннисші қарсыласының төрт бірдей брейк-пойнтын пайдалануына мүмкіндік бермеді. Есеп теңесті - 2:2. Есесіне келесі геймде Елена брейк жасап, алға кетті - 3:2. Содан кейін осы қарқынын жоғалтқан жоқ - 6:4.

Бәсеке 1 сағат 19 минутқа созылды.

Е.Рыбакинаның жартылай финалдағы қарсыласы аса мықты. Қазақстандық спортшы финалға шығу үшін осы турнирдің бірінші, әлемнің 4-ракеткасы әрі корт иесі Кики Бертенспен таласады. К.Бертенс ширек финалда 22 жасар ресейлік Наталья Вихлянцеваны 6:3, 6:3 есебімен тізе бүктірді.

Жүлде қоры 250 мың еуро болатын Хертогенбос жарысы 16 маусымда мәреге жетіп, жеңімпаз анықталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Хертогенбоста, Зарина Диястың Манчестерде ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз.

Ал ерлер арасында Александр Недовесов Шымкент турнирінің жартылай финалына өте алмады.

Соңғы жаңалықтар