Теннис: Дмитрий Попко Шымкент турнирінің финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисшілер Александр Недовесов пен Дмитрий Попко Шымкент челленджер турнирінің жартылай финалында өзара күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы турнирдің бесінші ракеткасы болып тіркелген, биыл 32-ге толған А.Недовесов дүниежүзілік рейтингте 209-орында болса, жиырма екі жасар Д.Попко 606-сатыда еді.

Бірінші партияда тәжірибелі А.Недовесов брейк жасап, алға кетті - 3:0. Сол басымдылығынан ол айырылған жоқ - 6:2.

Екінші сетте Д.Попко есе қайырды - 6:1.

Үшінші, шешуші партияда есеп 2:2 болған мезетте Д.Попко брейк жасай алды - 3:2. Содан кейін А.Недовесов жарысты жалғастырудан бас тартты.

Тартысты бәсеке 1 сағат 43 минутқа созылды.

Д.Попко финалда осы турнирдің бірінші, әлемнің 132-ракеткасы, Беларусь елінің өкілі Егор Герасимов немесе рейтингте 206-сатыдағы словакиялық Андрей Мартиннің біреуімен бас жүлдені сарапқа салады.

Жүлде қоры 54 160 АҚШ долларын құрайтын Шымкент турнирі ертең мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Жапониядағы турнирдің финалына шыққанын, Қазақстанның бірінші ракеткалары Михаил Кукушкин мен Юлия Путинцеваның Рим турниріндегі қарсыластары анықталғанын жазған болатынбыз.

Тағы бір қазақстандық Галина Воскобоева жұптық сында Мадрид турнирінің финалына шыға алмады.

Соңғы жаңалықтар