Теннис: Дмитрий Попко рейтингіде жоғары көтерілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисшілердің жаңартылған рейтингідегі орындары белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) мәлім еткеніндей, ерлер арасында бұрынғыша сербиялық Новак Джокович көш бастаса, испаниялық Рафаэль Надаль екінші, аустриялық Доминик Тим үшінші орында келеді.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 51-ден 54-сатыға сырғыса, Михаил Кукушкин 90-орында қалды.

Өткен аптада Прага 2 турнирінің жартылай финалына дейін жеткен Дмитрий Попко 178-ден 165-орынға көтерілді.

Жұптық сын бойынша М.Кукушкин 77-ден 80-ге, А.Бублик 100-ден 104-ке, Александр Недовесов 132-ден 134-ке төмендесе, жуырда Италиядағы турнирдің жеңімпазы атанған Андрей Голубев 111-ден 103-ке жоғарылады.

Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) жариялаған рейтингіде Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 17-орнында қалса, Юлия Путинцева 33-тен 35-ке, Зарина Дияс 66-дан 69-ға сырғыды.

Аустралиялық Эшли Барти, румыниялық Симона Халеп және чехиялық Каролина Плишкова бұрынғыша үздік үштікте.

Жұптық сын бойынша Галина Воскобоева 62-інші, Анна Данилина 126-орында болса, Ю.Путинцева 171-ден 172-ге төмендеді.

Қазақстандық теннисшілер бүгін басталатын АҚШ-тың ашық чемпионатында (жүлде қоры – 53,4 млн доллар) сәтті өнер көрсетсе, рейтингілік ұпайға көбірек ие болып, көрсеткіштерін жақсартады.

Қазақстандықтардан алғашқы болып кортқа А.Бублик пен М.Кукушкин шығады. 1 қыркүйекке қараған түні А.Бублик ұлыбританиялық Кайл Эдмундпен, М.Кукушкин мажарстандық Атилла Балашпен күш сынасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің АҚШ-тың ашық чемпионатындағы қарсыластары белгілі болғанын, Анна Данилинаның Прага жарысын жеңіспен бастағанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар