Теннис: Дмитрий Попко АҚШ-тағы турнирдің чемпионы атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Дмитрий Попко АҚШ-тағы Веро Бич ITF турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 608-орында тұрған қазақстандық теннисші соңғы бәсекеде америкалық, осы турнирдің екінші, әлемнің 400-ракеткасы Секу Бангурамен сынға түсті.

Бірінші сетте Д.Попко қарсыласын бет қаратпады - 6:1.

Екінші партия әлдеқайда тартысты өрбіп, есеп 6:5 болған мезетте Бангура тағы бір брейк жасап, таразы басын теңестіре алды. Дегенмен тай-брейкте Дмитрий Попко еш мүмкіндік қалдырмады - 7:1.

Финалдық бәсеке екі сағатқа жуық уақытқа созылды.

Осылайша Д.Попко ITF жарыстарында кезекті жеңісіне қол жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың АҚШ-тағы Веро Бич ITF додасының финалына шығып, Зарина Диястың Жапониядағы Гифу жарысының жеңімпазы атанғанын, тағы бір қазақстандық Юлия Путинцеваның Мадрид турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.

Ю.Путинцеваның екінші айналымдағы қарсыласы белгілі болды. Әлемнің 6-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинаны ұтқан франциялық, рейтингте 69-сатыдағы Полин Пармантье енді қазақстандық спортшының бабын байқап көреді.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 40-ракеткасы Михаил Кукушкин ерлер арасындағы Мадрид турнирінің алғашқы айналымында рейтингте 41-орындағы германиялық Филипп Кольшрайбермен кортқа шығады.

Соңғы жаңалықтар