Теннис: Дияс пен Путинцева «Ролан Гаррос» турниріндегі алғашқы ойындарын өткізеді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Парижде «Үлкен дулыға» додасы - «Ролан Гаррос» турнирі басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандықтардан алғашқы болып жарыс алаңына әлемнің 93-інші ракеткасы Юлия Путинцева шығады. Ол 1-кортта әлемнің 22-інші ракеткасы, ұлыбританиялық Йоханна Контамен күш сынасады. Бұған дейін қос теннисші екі мәрте кездескен. Екеуінде де Й.Конта жеңіске жеткен.

Сондай-ақ бүгін 7-кортта Польша елінің өкілі Магда Линетт пен Қазақстанның бірінші, әлемнің 53-інші ракеткасы Зарина Дияс ойнайды. Қазіргі кезде дүниежүзілік рейтингте 67-інші орында тұрған М.Линетт бұдан бұрын Заринаны екі дүркін ұтқан.

Сол секілді ерлер арасында Қазақстанның жалғыз үміті, әлемнің 91-інші ракеткасы Михаил Кукушкин дүйсенбі күні рейтингте 36-ыншы сатыда тұрған испаниялық Альберт Рамос-Виньоласпен шеберлік байқасады.

Екі аптаға созылатын әйелдер арасындағы жарыс 9 маусымда, ерлер додасы 10 мамырда мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын З.Дияс Страсбург турнирінде ресейлік Анастасия Павлюченковаға жол бергенін жазған болатынбыз. Кеше А.Павлюченкова осы жарыстың жеңімпазы атанды. Ал Ю.Путинцева мен М.Кукушкиннің қарсыластары, америкалық Элисон Риске мен франциялық Жиль Симон сәйкесінше Нюрнберг және Лион турнирлерінде финалға дейін жетіп, соңғы бәсекелерінде ұтылып қалды.

Соңғы жаңалықтар