Теннис: Денис Евсеев Испаниядағы турнирдің екінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Денис Евсеев Испаниядағы Аликанте челленджер турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 406-орында тұрған Д.Евсеев бұл додаға іріктеу сайыстарынан кейін қосылған еді.

Ол алғашқы айналымда отандасы, әлемнің 165-інші, осы жарыстың 5-ракеткасы Дмитрий Попкомен кездесті.

Бұған дейін қос теннисші екі рет кездесіп, онда Попко басым түскен еді.

Бұл жолы екі сағатқа жуық созылған тартысты бәсекеде 28 жастағы Д.Евсеев 7:6 (7:5), 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Матч барысында Д.Евсеев 2 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жібермеді. Қарсыласы 4 эйс, 2 брейкке (7 брейк-пойнт) қол жеткізді.

Д.Евсеев ширек финалға шығу үшін әлемнің 224-ракеткасы, өзбекстандық Денис Истоминмен таласады.

Тағы бір қазақстандық Тимофей Скатов Наполи (Италия) челленджер турнирінде испаниялық Альваро Лопес Сан Мартиннен 3:6, 2:6 есебімен ұтылып қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Индиан-Уэллс турнирінің төртінші айналымына шыға алмағанын, Елена Рыбакинаның жұптық сында ширек финалға өткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Қарағандыда алғаш рет екі халықаралық жарыс өтеді.



Соңғы жаңалықтар