Теннис: Бүгін Нью-Йоркта US Open турнирі басталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Нью-Йоркта US Open турнирі басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

30 тамыз – 12 қыркүйек аралығында өтетін «Үлкен дулыға» жарысында Қазақстаннан жекелей сында алты теннисші бақ сынайды.

Ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 37-ракеткасы Александр Бублик алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 134-орында тұрған германиялық Янник Ханфманмен кездеседі.

Рейтингте 129-орындағы Михаил Кукушкин әлемнің 74-ракеткасы, испаниялық Пабло Андухармен кортқа шығады.

Әйелдер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Елена Рыбакина рейтингте 90-сатыдағы Беларусь өкілі Александра Сасновичпен шеберлік байқасады.

Әлемнің 33-ракеткасы Юлия Путинцеваның қарсыласы – рейтингте 70-орындағы эстониялық Кайя Канепи.

Рейтингте 110-сатыда тұрған Зарина Диястың жолы әлемнің 75-ракеткасы, америкалық Аманда Анисимовамен тоқайласпақ.

Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны, рейтингте 452-орындағы Ярослава Шведова әлемнің 99-ракеткасы, италиялық Ясмин Паолинидің шамасын байқап көреді.

АҚШ ашық чемпионатын ұйымдастырушылар биыл айтулы доданы көрермендермен өткізгелі отыр.

Өткен жылы US Open пандемияға байланысты көрермендерсіз өтіп, ерлер арасында аустриялық Доминик Тим, әйелдерден жапониялық Наоми Осака чемпион атанған болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшілердің Бішкекте өткен турнирде чемпион атанғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар