ТЕННИС: Бүгін Австралия ашық чемпионатының алғашқы аптасы мәреге жетеді

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 25 қаңтар - Мельбурн қаласында теннистен өтіп жатқан Австралия ашық чемпионатының жетінші күні.

Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, әйелдер арасында ресейлік, әлемнің екінші ракеткасы Мария Шарапова дүниежүзілік сатыда 21-інші орында тұрған қытайлық Пэн Шуаймен ширек финалға берілер жолдаманы сарапқа салады. Бұлар үшінші айналымда сәйкесінше қазақстандықтар Зарина Дияс пен Ярослава Шведованың үмітін үзген болатын.

Тағы бір ресейлік, турнирдің 10-ыншы ракеткасы Екатерина Макарова неміс қызы Юлия Гергесті жолдан тайдыруға тырысып көрмек. Әлемнің үшінші ракеткасы, Румынияның басты үміті Симона Халеп кезінде АҚШ ашық чемпионатының жартылай финалына дейін жетіп, кейін көп көрінбей кеткен бельгиялық Янина Викмайерді сынға салады. Өткен жылғы сәтті ойындарының арқасында әлемдік сатыда жетінші орынға дейін көтерілген Канаданың жарық жұлдызы Эжени Бушар тағы бір румыниялық Ирина-Камелия Бегумен кортқа шығады.

Жалпы, жылдың бірінші ірі жарысында күтпеген нәтижелер де орын алып жатыр. Айталық, сербиялық сұлу, әлемнің бесінші ракеткасы Ана Иванович алғашқы айналымда-ақ «ұшып» кетсе, кеше чехиялық, төртінші сатыдағы Петра Квитова ұтылып қалды. Оны жеңген американдық, он тоғыз жасар Мэдисон Кис дүйсенбі күні отандасы әрі аттасы Мэдисон Бренглмен шеберлік байқасады. Яғни қазірдің өзінде кемінде бір американдықтың ширек финалға шығатыны белгілі болып отыр. Оған апалы-сіңлілі Винус пен Серена Уильямсты қосыңыз. Көш тізгінін ешкімге бермей келе жатқан Серена төртінші айналымда испандық Гарбин Мугурусадан «өш алып» көрмек. Өйткені былтырғы Ролан Гаррос жарысында атақтық американдық дәл осы Гарбиннен ойламаған жерден ұтылып қалған болатын. Сонымен, төртінші айналымда төрт бірдей американдық теннисші өнер көрсетеді. Керісінше үшінші айналымға дейін жеткен Чехия елінің төрт бірдей теннисшісі кеше жарыс жолынан шығып қалды.

Ерлер арасында бүгінгі басты матч ұлыбританиялық, әлемнің төртінші ракеткасы Энди Маррей мен болгариялық, үздік ондықты түйіндеп тұрған Григор Димитров арасында өтпек. Григордың Мария Шарапованың дос жігіті екені де белгілі. Сондай-ақ, атышулы испандық, әлемнің үшінші ракеткасы Рафаэль Надаль оңтүстікафрикалық Кевин Андерсонды жеңсе, ширек финалға шығады.

Екінші айналымда Р.Надаль көп ешкім біле бермейтін американдық Тим Смычиктен жеңіліп қала жаздаған болатын. Ерлерден сербиялық, әлемдік көшті бастаушы Новак Джокович пен Австралия ашық чемпионатының өткен жылғы жеңімпазы, швейцариялық Станислас Вавринка әзірге қамшы салдырмай келеді. Есесіне тағы бір швейцариялық, осындай ірі жарыстарда талай бас жүлдені қанжығасына байлаған, қазір әлемдік рейтингте екінші орындағы Роджер Федерер үшінші айналымда итальяндық Андреас Сеппиге қарсы тұра алмады. Бұл қай бәсекенің де ешкімнің атақ-даңқына қарамайтынын көрсетеді.

Сонымен, бүгін Австралия ашық чемпионатының алғашқы аптасы мәреге жетеді. Бас жүлдеден үміткерлер бірте-бірте азая бермек. Әйелдер арасындағы финал 31 қаңтарға белгіленсе, біріншілікті ерлер 1 ақпан күні түйіндейді.

Айта кетейік, аталмыш чемпионатта қазақстандықтардан жекелей, жұптық сында және миксте де ешкім қалған жоқ.

Соңғы жаңалықтар