Теннис: Бублик Шанхайда негізгі турнирге жолдама алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 57-ракеткасы Александр Бублик Шанхайда негізгі турнирге жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

А.Бублик іріктеу сайыстарының финалында дүниежүзілік рейтингте 77-орында тұрған жапониялық Йосихито Нисиокамен кездесті.

Қазақстандық теннисші қарсыласын 6:3, 6:2 есебімен онша қиналмай ұтты.

Бәсеке бір сағатқа созылды.

А.Бублик мұның алдында рейтингте 256-орындағы португалиялық Гонсалу Оливейраны 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірген болатын.

Осылайша негізгі турнирге жолдама алған қазақстандық спортшы Шанхай жарысының алғашқы айналымында әлемнің 20-ракеткасы, канадалық Феликс Оже-Альяссиммен шеберлік байқасады.

Тағы бір қазақстандық, рейтингте 60-сатыдағы Михаил Кукушкиннің қарсыласы – әлемнің 51-ракеткасы, сербиялық Миомир Кецманович.

Әлемнің 1-ракеткасы, сербиялық Новак Джокович бастаған мықты теннисшілер қатысып жатқан Шанхай додасы (жүлде қоры – 8 322 885 АҚШ доллары) 13 қазанда мәреге жетеді.

Айта кетейік, бүгін елордада Нұр-Сұлтан 2 челленджер турнирі мәреге жетті. Онда финалда германиялық Янник Маденді 4:6, 6:4, 6:3 есебімен ұтқан украиналық Илья Марченко жеңімпаз атанды. Жалпы, Қазақстан астанасындағы жарыс И.Марченко үшін сәтті болды. Ол жұптық сында да финляндиялық Харри Хелиоваарамен бірге қарсылас шақ келтірмеді.

Соңғы жаңалықтар