Теннис: Бублик Санкт-Петербург турнирінің ширек финалына шыға алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 52-ракеткасы Александр Бублик Санкт-Петербург ATP 500 турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

А.Бублик екінші айналымда канадалық, әлемнің 21-інші, осы доданың 6-ракеткасы Милош Раоничпен кездесті.

Қазақстандық теннисші 23-те болса, тәжірибелі қарсыласы 29-да еді. Бұл олардың өзара алғашқы бәсекесі еді. Кезінде әлемдік рейтингте 3-орынға дейін көтерілген канадалық спортшы ATP додаларында сегіз мәрте жеңімпаз атанған болатын. Соның ішінде 2015 жылы Санкт-Петербургте үздік шыққан-ды. 2016 жылы Уимблдон турнирінің финалисі болғаны тағы бар.

М.Раонич матчты сәтті бастап, 3:0 есебімен алға шықты. Бұдан кейін А.Бублик бірнеше брейк-пойнтын пайдалана алмады. Ал канадалық теннисші бесінші сетболын мүлт жібермеді – 6:3.

Раонич екінші партияны да брейкпен бастады – 1:0. Тағы бір брейк – 4:1. Сосын өз геймін де алып, 5:1-ге жеткізді. Ақыры матчты жеңіспен түйіндей білді – 6:2.

Бәсеке 1 сағат 6 минутқа созылды.

Кездесу барысында Бублик жиірек қателесті, эйсі де көп бола қойған жоқ.

М.Раонич жартылай финалға шығу үшін әлемнің 17-інші, осы доданың 4-ракеткасы, ресейлік Карен Хачановпен таласады. Ол ширек финалда тартысты бәсекеде отандасы Аслан Карацевті 4:6, 7:5, 6:3 есебімен ұтты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің жұптық сында Санкт-Петербург турнирінің жартылай финалына шыққанын, ал Д.Попконың Лиссабонда ширек финалға өткенін жазған болатынбыз.

А.Бублик америкалық Рейлли Опелкамен бірге жұптық сында финалға шығу үшін бразилиялық Марсело Демолинер мен Нидерланды өкілі Матве Мидделкоппен шеберлік байқасады.


Соңғы жаңалықтар