Теннис: Бублик пен Голубев Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар Александр Бублик пен Андрей Голубев жұптық сында Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық жұп үшінші айналымда Франция ашық чемпионатының 11-ракеткалары, нидерландылықтар Уэс Колхоф - Жан-Жюльен Ройермен кездесті.

Бірінші партияда Бублик пен Голубев тай-брейкте айқын басымдылық көрсетті - 7:6 (7:2).

Екінші сетте нидерландылықтар брейк жасап, соны сақтап қалды - 6:3.

Үшінші, шешуші партияны қазақстандықтар брейкпен бастады - 2:0. Ақыры осы басымдылықты уысынан шығарған жоқ - 6:4.

Тартысты бәсеке 2 сағат 10 минутқа созылды.

Осылайша қазақстандық жұп ел теннисі тарихында тұңғыш рет Франция ашық чемпионатының ширек финалына шығып отыр.

А.Бублик пен А.Голубев «Үлкен дулыға» турнирінің жартылай финалына шығу үшін монаколық Хьюго Нис - германиялық Тим Пюц немесе тағы бір монаколық Ромен Арнеодо - франциялық Бенуа Пэр жұптарының қай жеңгенімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның жұптық сында Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына өткенін, Ж.Құламбаева мен Г.Ломакиннің Шымкентте озық шыққанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар