Теннис: Бублик Мексикадағы турнирдің ширек финалына шыға алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Александр Бублик Мексикадағы Сан-Луис Потоси челленджер турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы турнирдің бірінші ракеткасы болып тіркелген, дүниежүзілік рейтингте 100-орында тұрған А.Бублик үшінші айналымда бразилиялық Педро Сакамотомен кездесті.

Рейтингте небәрі 480-сатыда тұрғанына қарамастан, бразилиялық спортшы матчты табысты өткізе білді. Сөйтіп ол 6:3, 7:5 есебімен жеңіске жетіп, ширек финалға жолдама алды.

П.Сакамото жартылай финалға шығу үшін чилилік, әлемнің 312-ракеткасы Томас Барриоспен күш сынасады.

Тағы бір қазақстандық теннисші, рейтингте 620-сатыда тұрған Дмитрий Попко АҚШ-та Ориндж-Парк ITF турнирін сәтті өткізуде. Ол бірінші айналымда америкалық Джон Харрисон-Ричмондты 6:3, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Содан кейін осы жарыстың үшінші, әлемнің 424-ракеткасы, колумбиялық Фелиппе Мантильяны 6:1, 6:3 есебімен жолдан тайдырып, ширек финалға шықты.

Жуырда АҚШ-тағы осындай турнирдің жеңімпазы атанған Д.Попко жартылай финалға шығу үшін болгариялық Адриан Андреевпен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің Мексикадағы турнирді жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.

Тағы бір қазақстандық Михаил Кукушкин Монте-Карло турнирін сәтті бастағанымен, екінші айналымнан аса алмады.

Ертең Лондонда әйелдер арасында Федерация кубогы ІІ Әлемдік тобының плей-офф кезеңіндегі Ұлыбритания - Қазақстан матчы басталады.

Оған ел намысын қорғайтындар қатарында Зарина Дияс та қатысады.

Соңғы жаңалықтар