Теннис: Бублик Лондон турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Александр Бублик Лондон ATP турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іріктеу сайысының үшінші, әлемнің 85-ракеткасы А.Бублик рейтингте небәрі 571-орында тұрған ұлыбританиялық Джек Драпермен кездесті.

Жарысқа арнайы шақырту алған 17 жасар Драпердің рейтингісі төмен болғанына қарамастан, матч тартысты өрбіді.

Бірінші сетте екі күннен кейін 22 жасқа толатын Бублик басым болды - 6:2.

Екінші партияда ұлыбританиялық теннисші есе қайырды - 6:1.

Үшінші, шешуші сетте Бублик сәтті ойнай білді.

Бәсеке 1 сағат 22 минутқа созылды.

А.Бублик іріктеу сайыстарының финалында әлемдік рейтингте 138-сатыдағы америкалық Томми Полмен шеберлік байқасады. Оны жеңсе, негізгі жарысқа жолдама алады.

17 маусым күні басталатын Лондонның негізгі турнирінде Қазақстанның бірінші, әлемнің 47-ракеткасы Михаил Кукушкин өнер көрсетеді. Ол алғашқы айналымда рейтингте өзінен екі саты төмен тұрған франциялық Жереми Шардимен ойнайды.

Әйелдер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 43-ракеткасы Юлия Путинцева 17-23 маусым аралығында өтетін Бирмингем (Ұлыбритания) WTA додасында бақ сынайды. Ол бірінші айналымда осы турнирге арнайы шақырту алған әлемнің 159-ракеткасы, ұлыбританиялық Хэрриет Дартты сынап көреді.

Бирмингемнің іріктеу сайыстарына Қазақстаннан Зарина Дияс пен Елена Рыбакина қатысуы керек еді. Дегенмен З.Дияс Манчестер турнирінің финалына, Е.Рыбакина Хертогенбос жарысының жартылай финалына шыққандықтан, Бирмингемге бара алмады. Олардың орнына басқа теннисшілер шақырылды.

Көгал төсенішінде өтіп жатқан бұл бәсекелердің барлығы да «Үлкен дулығаның» бірі - Уимблдон турнирі алдындағы дайындық болып есептеледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Манчестер жарысының финалына, Елена Рыбакинаның Хертогенбос (Нидерланды) турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Ал Александр Недовесов Шымкент турнирінің жартылай финалына өте алмады.

Соңғы жаңалықтар