Теннис: Бублик Дубай турнирінің ширек финалына шыға алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 47-ракеткасы Александр Бублик Дубай ATP турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

А.Бублик екінші айналымда әлемнің алтыншы, осы доданың 2-ракеткасы, грекиялық Стефанос Циципаспен күш сынасты.

Тартысты өрбіген бірінші партияда грекиялық теннисші тай-брейкте басым түсті – 7:6 (7:1).

Екінші партияда да ол мүмкіндігін мүлт жібермеді – 6:4.

Бәсеке 1 сағат 36 минутқа созылды.

С.Циципас жүлде қоры 2,8 млн АҚШ долларына бағаланған жарыстың жартылай финалына шығу үшін әлемнің 29-ракеткасы, грузиялық Николоз Басилашвили немесе рейтингте 34-сатыдағы германиялық Ян-Леннард Штруфтың біреуімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның Доха турнирінің үшінші айналымына шыққанын, Е.Рыбакинаның әлемнің 1-ракеткасымен кездесетінін, алайда жарақатына байланысты одан бас тартқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар