Теннис: Бублик Цинциннати мастерс турнирінің екінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 38-ракеткасы Александр Бублик Цинциннати ATP мастерс турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемнің 66-ракеткасы, америкалық Маркос Хиронмен өткізді.

Бірінші партияда корт иесі 6:3 есебімен басымдылық көрсетті. Екінші сетте А.Бублик дәл сондай есеппен есе қайырды.

Үшінші, шешуші партияда ойын тағдыры тай-брейкте шешілді. Мұнда қазақстандық спортшы бірінші матчболын мүлт жіберген жоқ – 7:6 (7:5).

Тартысты өтіп, 2 сағат 6 минутқа созылған матч барысында Бублик 21 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды.

Америкалық теннисші 12 эйске қол жеткізіп, 10 брейк- пойнттың екеуін өз есебіне жазды.

А.Бублик екінші айналымда әлемнің 21-ракеткасы, болгариялық Григор Димитровпен күш сынасады. Ол алғашқы айналымда әлемнің 16-ракеткасы, испаниялық Роберто Баутиста-Агутты 6:3, 6:4 есебімен тізе бүктірді.

Жүлде қоры 3 млн АҚШ долларынан асатын Цинциннати жарысы 22 тамызда аяқталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Цинциннати турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар